Мектебімізде 5–8 сынып оқушылары арасында «Су және оның адам мен қоғам өміріндегі маңызы» тақырыбында сынып сағаты ұйымдастырылды. Тәрбие сағатының мақсаты – оқушылардың су ресурстарының адам өміріндегі, қоғам дамуындағы және табиғаттағы рөлін терең түсінуіне ықпал ету, экологиялық мәдениетін қалыптастыру және суды үнемдеу дағдыларын дамыту.
Сынып сағаты барысында оқушылар судың күнделікті өмірдегі қолданысы, шаруашылықтағы маңызы және экожүйедегі орны туралы мағлұмат алды. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Есіл өзені мысалында қарастырылды. Оқушылар өзеннің тарихи, шаруашылық және экологиялық маңызын талдап, оның аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін саралады.
Сонымен қатар, өзен суларының ластануы, қоқыс тастау, ағынды сулармен былғану және суды үнемсіз пайдалану сияқты экологиялық мәселелер қозғалды. Оқушылар бұл проблемалардың табиғатқа, жануарлар әлеміне және адам денсаулығына тигізетін кері әсерін талқылады.
Практикалық бөлімде оқушылар топтық жұмыс арқылы «Адам өзен суын қалай пайдаланады?», «Өзенде қандай экологиялық мәселелер бар?», «Судың тазалығын қалай сақтауға болады?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Сонымен қатар, үй жағдайында суды үнемдеу жолдары нақты мысалдармен түсіндірілді. Тіс тазалағанда кранды жабу, ваннаның орнына қысқа душ қабылдау, ақаулы крандарды жөндеу сияқты қарапайым әрекеттердің жылына мыңдаған литр суды үнемдеуге мүмкіндік беретіні туралы деректер келтірілді.
Сынып сағаты соңында оқушылар «Мен бүгіннен бастап не істей аламын?» деген рефлексиялық тапсырма орындап, жеке жауапкершілік қағидатын негізге ала отырып, суды үнемдеуге бағытталған нақты қадамдарын айқындады.
Іс-шара «Суды үнемде – болашақты сақта!» ұранымен қорытындыланып, оқушылардың экологиялық санасын арттыруға және табиғатқа жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға бағытталды.





