9–11 сынып оқушылары арасында «Ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу технологиялары және су тасқынының алдын алу жолдары» тақырыбында сынып сағаты өткізілді. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың су ресурстарын тиімді пайдалану, өңірлік экологиялық қауіпсіздік және су тасқыны кезіндегі қорғану шаралары туралы білімдерін тереңдету, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.
Сынып сағаты барысында Солтүстік Қазақстан облысының климаттық ерекшеліктері, су тапшылығы мен көктемгі су деңгейінің күрт көтерілуі мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында қолданылатын су үнемдеу технологиялары – тамшылатып суару, жаңбырлатып суару жабдықтары және лазерлік тегістегіштің тиімділігі нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Оқушылар су үнемдеу арқылы өнімділікті арттыру мен табиғи ресурстарды сақтаудың маңызын саралады.
Сонымен қатар, су тасқынының негізгі себептері (қардың тез еруі, мол жауын-шашын, өзендердің арнасынан асуы) мен оның әлеуметтік-экономикалық салдары кеңінен қарастырылды. Өңір үшін стратегиялық маңызы бар Сергеев су қоймасы және Петропавл су қоймасы нысандарының су деңгейін реттеудегі, елді мекендер мен егістік алқаптарын қорғаудағы рөлі түсіндірілді.
Мемлекет тарапынан су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да назар аударылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын енгізуді күшейту жөнінде нақты тапсырмалар бергені айтылып, бұл бағыттың ұлттық қауіпсіздікпен тығыз байланысты екені атап өтілді.
Іс-шара барысында оқушыларға су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы жаднама бойынша талдау жүргізілді. Талқылау бөлімінде оқушылар су тасқынының алдын алу шаралары оның салдарын жоюдан неге тиімді екенін дәлелдеп, су қоймаларының қорғаныштық қызметіне баға берді.





