Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінде «Құрмет төрінде көрінген еңбек адамы» кездесу кеші ұйымдастырылды. Іс-шараға Сырымбет ауылының әр салада еңбек атқарған, құрметті демалысқа шыққан еңбек ардагерлері: Бейсембаева Кулянда Тоқтарбекқызы, Исмуханов Кайрат Баязитұлы, Коконаев Сырымбет Қабдрахманұлы, Идрисов Жұмабай Шайсұлтанұлы, Рыспаев Кенжебай Тоқышұлы, Дюсенбинов Серік Болатұлы, Ерғалиев Орал Қажғалиұлы және Сырымбет орта мектебінің оқушылары, ұстаздар, ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу кешінің басты мақсаты: балалардың қоғам өміріндегі еңбектің маңыздылығы туралы, түсінігін кеңейту, адам өміріндегі еңбектің қажеттілігін көрсету, еңбекке және еңбек адамдарына құрмет пен сүйіспеншілікті ояту, мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол таңдауына ықпал ету.
Еңбек адамы қоғамда әрқашан құрметке лайықты.
Еңбек ер аттандырады, сондықтан да қайда болса да, еңбек еткен адамның іс-әрекеті бағаланады. Нағыз еңбек адамдары, күнің ыстық – суығына, жауын – шанына да қарамай әр күнін тынымсыз еңбек, беймаза тірлікпен өткізіп жүрген ағаларымыздың еңбек жолдарына шолу жасап, музей атыннан алғыс хат жарияланды.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырса да тынымсыз тіршіллікке бойы үйренген ағаларымыз жастарға өз білгендерін үйретуден жалыққан емес.
Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау да оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне, таңдауы дұрыс, сенімді адам ғана жетістікке жетеді.
Еліміз, оның ішінде ауылымызды көркейту жолында аянбай тер төккен еңбек ардагерлерді ортамызда аман – есен жүре берсін!